Ұлыстың ұлы күні-Наурыз мейрамы Жаңа форматта
Биыл Қазақстанда Наурыз мейрамының онкүндігі жарияланып жаңа форматта өткізілмек.
Наурызнама онкүндігі 14-23 наурыз аралығында өтеді.
«Наурызнама» онкүндігінде халыққа жаңа рух әкелетін түрлі мәдени және дәстүрлі іс-шаралар өтеді. Наурызнама онкүндігі қайырымдылық пен мәдени шаралардан бастап, ұлттық салт-дәстүрлер мен экологиялық акцияларға дейін қоғамның барлық саласын қамтиды. Сондай-ақ мерекенің бірегей логотипі бекітіліп, еліміздің барлық аймағына жолданды", – деді ҚР МАМ Мәдениет комитеті төрағасының орынбасары Сәбит Барлыбаев.
14 наурыз – Көрісу күні - Амал мерекесі. Наурыз мейрамының бастауы ретінде саналатын бұл күні адамдар бір-бірімен көрісіп, амандық сұрауы ежелгі дәстүрден қалыптасқан. Қазақ халқы күн мен түн теңеліп, амал кірген сәтте жаңа күн туады деп есептеген.
15 наурыз – «Қайырымдылық күні»
Бұл күні мүмкіндігі шектеулі адамдарды көктем мерекелерімен құттықтап, түрлі іс-шаралар ұйымдастырылады.
16 наурыз – «Мәдениет және ұлттық салт-дәстүр күні»
Мәдениет пен ұлттық құндылықтарымыздан сыр шертететін өнер туындылары қазақ халқының дүниетанымы мен рухани байлығын дәріптейді. Бұл күні әдеби шығармалар мен бейнелеу өнерінің туындылары жарыққа шығып, тұсаукесерлері өтеді.
17 наурыз – «Шаңырақ күні»
Киелі саналатын Шаңырақ рухани мұраның символы.
Бұл күні отбасылық құндылықтарды дәріптеуге арналған іс-шаралар өтеді.
18 наурыз – Ұлттық киім күні.
Ұлттық киімдерді кию мәдени ерекшеліктерімізді келешек ұрпаққа жеткізу, халқымыздың даралығын білдіру, бірлігімізді арттыру. Айтулы мерекеде ою-өрнектермен көмкерілген қазақтың ой дүниесін жеткізетін ұлттық киімдерді киюге шақырамыз.
19 наурыз – Жаңару күні. Өмірдің жаңаруын білдіретін бұл күн ағаш отырғызу шарасына арналады.
20 наурыз – Ұлттық спорт күні. Бұл күні еліміздің әр аумақтарында ұлттық спорт түрлерінен жарыстар ұйымдастырылады.
21 наурыз - Ынтымақ күні. Бұл күн барша азаматтарды ортақ мақсаттарға жету жолында бірігуге және ынтымақта болуды насихаттайды.
22 наурыз - Жыл басы. Тіршілік жаңа оянатын бұл күні өткенді еске алып, ата-бабамыздың әдет-ғұрып, салт-дәстүрін тамашалаймыз. Сондай-ақ «Наурыз нақышындағы ең креативті безендіру» және «Наурыз нақышындағы ең көрікті көше» халықтық байқауларының жеңімпаздарын марапаттау шаралары ұйымдастырылуда.
23 марта –Тазару күні. Ұлттық экологиялық науқанға арналған бұл күн тазалық іс-шараларына арналады.