Ұлытау шахтасындағы апат: қайтыс болған кеншілердің есімдері жарияланды

17 ақпан күні Ұлытау облысындағы «Жомарт» шахтасында апат орын алып, жеті кеншімен байланыс үзілген болатын. Құтқару операциясы барысында 18 ақпан түнгі 3:27-де алты кеншінің денесі табылып, таңғы 7:27-де соңғы жұмысшының да қаза тапқаны анықталды.

Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметінше, шахтадағы апаттың нақты себебі анықталуда. Алдын ала болжам бойынша, табиғи газдың жарылуы төтенше жағдайға себеп болуы мүмкін.

Қайғылы оқиғадан қаза болған кеншілердің есімдері жарияланды:

  • Қайрат Ақшалов (1975 ж.) – насостық қондырғылар машинисі
  • Ардақ Жақыпбаев (1998 ж.) – жер асты учаскесінің шебері
  • Бақытбек Жұмаділлаев (1975 ж.) – жер асты кен жұмысшысы
  • Орынбек Кенжебеков (1991 ж.) – тиеу-тасымалдау машинасының машинисі
  • Ғалымжан Молдабеков (1978 ж.) – шпур бұрғылаушы көмекшісі
  • Олжас Нурулдаев (1979 ж.) – жер асты учаскесінің энергетигі
  • Константин Рожков (1992 ж.) – жер асты кен жабдықтарын монтаждаушы электрослесарь

Қайғылы жағдайға байланысты Үкіметтік арнайы комиссия құрылып, оның төрағасы болып Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев бекітілді. Мемлекет басшысы қаза болған кеншілердің жақындарына көңіл айтып, оларға тиісті материалдық көмек көрсетілетінін мәлімдеді. Сондай-ақ, Үкіметке төтенше жағдайдың мән-жайын толық тексеру тапсырылды.

Шахта апатына байланысты Ұлытау облыстық полиция департаменті қылмыстық іс қозғады. Тергеу ҚР Қылмыстық кодексінің 277-бабы, 3-бөлігі («Тау-кен немесе құрылыс жұмыстары кезінде қауіпсіздік ережелерін бұзу») бойынша жүргізілуде. Қазіргі уақытта оқиға орнында полиция департаментінің жедел-тергеу топтары жұмыс істеп, тиісті тергеу шаралары жүргізілуде.

Көбірек оқыңыз