V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының ашылу салтанаты
8 қыркүйек күні Нұр-Сұлтандағы «Астана Арена» стадионында V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының ашылу салтанаты өткізілді. Салтанатты іс-шараға 3 мыңнан астам өнерпаз қатысып, Қазақстанның мәдени мұрасын және мемлекет дамуының маңызды кезеңдерін сипаттайтын қойылымды 20 мыңға жуық көрермен тамашалады.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Көшпенділер ойындарының мән-маңызына тоқталып, бұл шараның ұлттық спорт түрлерінен өтетін әлемдегі ең ірі дода екенін атап өтті. Мемлекет басшысы елімізде түрлі этнос өкілдерінің татулықта өмір сүретінін, әлемнің басқа мемлекеттерімен достық қатынастарды нығайту қажеттігін айтты.
«Көшпенділер ойындары ынтымағымызды бекемдей түспек»,- деп атап көрсетті Президент.
Дүбірлі доданы Көшпенділер олимпиадасы деп те атауға болады. Президент Сарыарқаның кең даласында 5 күн бойы жалғасатын ойындар арқылы күллі әлем жұртшылығы нағыз көшпенділердің болмысын танып-білетінін айтты. Қасым-Жомарт Тоқаев әлемдік ауқымдағы маңызды шараға қатысу үшін Қазақстанға келген бауырлас мемлекеттердің басшылары мен мәртебелі меймандарға шынайы алғысын білдірді.
Ашылу салтанатында әнші Димаш Құдайберген өнер көрсетті. Қойылым барысында бірнеше жүз адам жеті қазына мен шаңырақ, ақ жаулықты ана мен ұлттық құндылықтарды таныстырды. Қойылым соңында Димаш «Киелі мекен» әнін орындап, көрермендерді баурады.
Ұлттық құрамалардың туын шығарған сәтте әлемнің түкпір-түкпірінен, соның ішінде көшпенді емес елдерден де қатысушылар шықты. Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына қатысатын елдердің қатарында көшпелілер өркениетінің мұрагерлері саналатын мемлекеттермен қатар басқа елдер де бар.
Сонымен қатар, ойындардың негізгі элементі ретінде су ерекше аталды. Ашылу салтанатына еліміздің әрбір өңірінен әкелінген қасиетті бұлақ суы Тайқазанға құйылды. Бірлік Керуені аясында еліміздің барлық өңірлерінен торсықпен жеткізілген су құтты мекенімізде тыныштық пен бейбітшіліктің мәңгі салтанат құруын тілеп, шараның маңызды бір бөлігіне айналды.