«Веном: Соңғы би» фильмінің кассалық жинағы 18 миллион теңгеден асты
Қазақ тіліндегі «Веном: Соңғы би» фильмінің прокаттағы алғашқы аптасы бойынша жинақталған қаражат 18 миллион теңгеден асты, деп хабарлайды Disney және Sony-дің Қазақстан мен Орталық Азия, Закавказье бойынша ресми дистрибьюторы «Меломан» компаниясы.
Жалпы, фильмнің алғашқы демалыс күндері Қазақстанда екі тілде жинақталған кассалық кірісі 666 миллион теңгеден асқан. Бұл Sony Pictures компаниясының соңғы үш жылдағы ең үздік көрсеткіші.
Орталық Азия мен Закавказьеде фильмнің алғашқы аптасында жалпы кассалық жинақ 855 миллион теңгеден асты.
Қазақстанда биыл қазақ тілінде үш анимациялық фильм прокатқа шықты. Біріншісі – Disney мен Pixar компаниясының «Ойжұмбақ-2» фильмі. Бұл фильм алғашқы 4 күнде 40 000 000 теңгеден астам қаражат жинап, бұған дейін көрсетілген туындылар арасында рекорд орнатты. Қырғызстан, Армения, Грузия, Әзербайжан, Өзбекстан, Тәжікстан елдері арасында Қазақстан жиналған сома бойынша бірінші орында тұрды.
Сондай-ақ, прокатқа қазақ тілінде Illumination Entertainment студиясының «Гадкий Я 4» және Universal Pictures компаниясының «Дикий робот» анимациялық фильмдері шықты.
Бұған дейін дубляж жасауға байланысты шығындарды құқық иеленуші компаниялар толықтай өтегені туралы айтылған болатын.