Вьетнамда түсірілген алғашқы қазақстандық фильмнің тұсаукесері өтеді
19 ақпанда Алматыда «Кімге керексің?» фильмінің алдын ала көрсетілімі өтеді. Бұл – Вьетнамда түсірілген алғашқы қазақстандық кинотуынды. Фильм романтикалық комедия жанрында түсіріліп, қазақстандық менталитет пен дәстүрлерді шетелдік мәдениетпен үйлестіру тақырыбын қозғайды.
Картинаның бас продюсері – Сәбит Рахимбаев, ол бұған дейін «Құдалар», «Городские легенды», «Гудбай, мой бай», «Аташка на хайпе» фильмдері арқылы көрерменге танылған. Сценаристердің айтуынша, жаңа туынды екінші жартысын іздеу, отбасы құру секілді әлеуметтік маңызды мәселелерді көтереді.
"Біз 2023 жылы Қазақстанда неке санының рекордтық төмендеуі тіркелгенін білеміз. Біздің басты кейіпкер де осы мәселемен бетпе-бет келеді. Ол өзіне лайықты жар табу үшін тіпті экзотикалық елге аттанады. Алайда, бөтен елде жүргенде, оның бойындағы қазақи менталитет ерекшеліктері анық көрінеді. Осылайша, қазақ дәстүрін вьетнамдықтардың мәдениетіне енгізуге тырысады," – деп атап өтті сценарист әрі бас продюсер Сәбит Рахимбаев.
Фильмде көрермендерге жақсы таныс актерлер бой көрсетеді. Басты рөлді сомдаған Шерхан Пірназар бұл жобаның оның актерлік мансабындағы ерекше орын алатынын айтты.
"Мен бұған дейін қазақстандық сериалдар мен толықметражды фильмдерде ойнадым. Бірақ бұл картина мен үшін ерекше. Фильмде әлеуметтік мәселелер, қазақи менталитет пен махаббат тақырыбы шебер тоғысқан. Бүкіл сценарий махаббатқа толы. Бұл киноны әрбір қазақстандық көруі керек деп ойлаймын," – дейді актер.
Фильмде отандық танымал блогерлер мен жас актерлер де рөл сомдайды. Әсел Асқар өзінің екінші пландағы рөлі туралы былай деп бөлісті:
"Менің кейіпкерім – нағыз стерва. Шынымды айтсам, бұл рөл маған жақсы келеді. Түсірілім алаңында ерекше атмосфера қалыптасқан, актерлер бір-бірін жарты сөзден түсінеді, бәрі шығармашылыққа шын берілген. Сондықтан фильм көрермен үшін өте қызықты әрі әсерлі болады деп ойлаймын."
Фильмнің сценарийін жазу, оны аудару және Вьетнам билігімен келісу алты айға жуық уақыт алған. Ал түсірілімнің өзі Хошиминде өткен. Продюсерлердің айтуынша, Қазақстан мен Вьетнам арасындағы мәдени байланыс фильмнің негізгі ерекшелігіне айналады. Сонымен қатар, жобаның басты мақсаты – қазақстандық киноны халықаралық деңгейге шығару.
"Біз отандық киноның географиясын кеңейтуді көздедік. Фильмді халықаралық стримингтік платформаларға шығару үшін жұмыс істеп жатырмыз. Осылайша, қазақстандық мәдениет пен танымал актерлеріміздің арқасында 100 миллионнан астам көрермені бар вьетнамдық аудиторияны қамтуға мүмкіндік туады," – деп бөлісті Сәбит Рахимбаев.
Фильмнің тұсаукесері 19 ақпан күні сағат 19:00-де Алматыдағы Esentai Mall – Кинопарк кинотеатрында өтеді. Аккредитация және қосымша ақпарат алу үшін +7 705 705 62 21 нөміріне (WhatsApp) хабарласуға болады.