Халықаралық «Ұлы дала жорығы» марафон-бәйгесі
Бүгін Халықаралық «Ұлы дала жорығы» марафон-бәйгесі басталды. Бұл шара Солтүстік Қазақстан облысындағы Айыртау ауданы мен Астана арасындағы 500 шақырымдық жорықты қамтиды. Марафонға шет мемлекеттерден 8 команда қатысуда, ал отандық командалар саны 9. Халықаралық «Ұлы дала жорығы» марафон-бәйгесі Астанада өтетін 5-ші Дүниежүзілік көшпелілер ойындарының бастамасы болып табылады.
Республикалық «JORYQ» ат спорты федерациясы ҚР Ұлттық спорт қауымдастығына кіреді. Қауымдастық құрамында «Көкпар», «Бәйге», «Садақ ату», «Теңге ілу», «Аударыспақ», «Жамбы ату», «Құсбегілік», «Асық ату» және басқа да федерациялар бар. Қауымдастықты Исламбек Салжанов басқарады.
«Amanat» партиясының хатшысы Ержан Жылқыбаев ашылу салтанатында ҚР Парламенті Мәжілісінің Төрағасы әрі «Amanat» партиясының Төрағасы Ерлан Қошановтың құттықтау хатын оқып берді. Хатта «Ұлы дала төсінде өтетін көшпенділердің ұлан-асыр мерекесінің басы – осы «Ұлы дала жорығы» марафон-бәйгесінен басталады» деп атап өтілген.
Жорыққа Оңтүстік Африка, Иран, Түркия, Қырғызстан, Қарашай-Шеркеш, Қабардин-Балқар, Татарстан және Мажарстан елдерінен келген командалар қатысуда. Қазақстаннан Маңғыстау облысының екі командасы, Жетісу облысы, Алматы қаласы, Жамбыл, Ақмола, Қостанай, Шығыс Қазақстан және Ақтөбе облыстарынан командалар ел намысын қорғайды.
Тұңғыш рет өтетін жорыққа елімізден екі қыздар командасы қатысуда: бірі Маңғыстаудан келген «Суын», екіншісі Ақмола облысының «Томирис» командасы. Ақмола облысының қыздары бұған дейін республикалық марафон-бәйгеге қатысып, тәжірибе жинаған.
Ұйымдастырушылар қазақы тұқымдарға ерекше назар аударды. Осы жарысқа Адай, Найман, Көшім, Әулие ата, Қостанай және Жетісу арғымағы тұқымдары қатысуда.
Салтанатты шарада Ұлттық спорт қауымдастығының президенті Исламбек Салжанов Ботайдың жылқы қолға үйретілген алғашқы жер екенін атап өтіп, тарихи мекеннің маңызына тоқталды.
Еске сала кетейік, 8-13 қыркүйекте Астана қаласында 5-ші Дүниежүзілік көшпелілер ойындары өтеді. Оған 89 елден 2000-нан астам спортшы қатысады деп жоспарлануда, ал 21 спорт түрінен 97 медаль жиынтығы сарапқа салынады.