Жалған ақпаратпен күрес орталығы өз жұмысын бастады
Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінің құрылымында Жалған ақпаратқа қарсы күрес жөніндегі орталық өз қызметін бастады.
Жаңа орталықтың басты міндеті — қоғамда таралған жалған ақпараттарды анықтап, жоққа шығару, азаматтарды маңызды тақырыптар бойынша нақты әрі тексерілген деректермен қамтамасыз ету және ақпаратты жауапкершілікпен тұтыну мәдениетін дамыту.
Мамандардың айтуынша, фейк ақпараттар таралған кезде фактілердің әдейі бұрмалануы жиі кездеседі. Осыған байланысты орталықтың жұмысы мемлекеттік органдармен, сарапшылармен, журналистермен және қоғам белсенділерімен тығыз ынтымақтастықта жүргізілмек.
Орталық фейк жаңалықтарға тұрақты түрде шолулар жасап, манипуляция мысалдарын талдайды. Сонымен қатар резонанс тудырған тақырыптар бойынша сараптамалық түсіндірмелер беріп отырады.
Бірінші шығарылымда ақпараттық кеңістікте соңғы уақытта тараған жалған мәліметтерге талдау жасалды. Жұмыс әлеуметтік желідегі ресми ресурстарда ақпаратты көрнекі әрі түсінікті түрде ұсынумен қатар жүреді.