Жақсылық Құрманғалиевке арналған естелік кітаптың тұсаукесері өтті
С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университетінде орман шаруашылығы инженері, журналист, аудармашы, ақын және ұстаз Жақсылық Серікбайұлы Құрманғалиевке (1946–2020) арналған кітаптың тұсаукесері өтті.
Кітаптың идея авторы — Құралай Құрманғалиева, автор-құрастырушысы — Аружан Жеңісбекова.

Іс-шараны Қазақ ұлттық аграрлық университетінің «Орман шаруашылығы, жабайы табиғат және қоршаған орта» факультетінің деканы Жұмағұл Боранбай жүргізді. Еске алу кешіне марқұмның туыстары, әріптестері мен студенттер қатысты.
Жақсылық Серікбайұлы кәсіби өмірінде ғылым мен өндірісті ұштастырып, орман шаруашылығына 35 жыл ғұмырын арнады. Оның жетекшілігімен 4000 гектардан астам орман алқабы отырғызылып, ел экологиясының дамуына зор үлес қосылды. Сонымен қатар, ол С.Сейфуллин атындағы университетте 30-дан астам пәннен дәріс оқып, жүздеген орман шаруашылығы мамандарын тәрбиеледі.
Журналистика саласында да белсенді еңбек етіп, 15 жыл бойы газетте қызмет атқарды. Мақалаларында ауыл шаруашылығы саласының проблемалары мен жетістіктеріне, аграрлық реформалар мен нарықтық қатынастар кезеңіндегі өзгерістерге, шаруашылықтар мен еңбек адамдарының тұрмыс-тіршілігіне, табиғатты қорғау мен орман шаруашылығына арналған өзекті мәселелерді көтерген. Сондай-ақ, 100-ден астам өлеңнің авторы ретінде әдебиет әлемінде өзіндік қолтаңбасын қалдырды.

Кеш барысында әріптестері мен шәкірттері Жақсылық Серікбайұлының еңбекқорлығы, адами болмысы және ұлтқа қызмет еткен өнегелі өмірі туралы естеліктерімен бөлісті.
«Жақсылық Серікбайұлы – нағыз тұлға, биік парасат иесі. Ол адалдық пен принципшілдіктің, сабыр мен берік рухтың жарқын үлгісі болды. Қай іске кіріссе де, соған жан-тәнімен беріліп, өз болмысын еңбегімен ұштастыра білді. Ол үшін өмір мен қызмет – екі бөлек ұғым емес, біртұтас жол болатын. Сондықтан да оның артында Қостанай өңіріндегі орман алқаптары мен Астананы айнала қоршаған «Жасыл белдеу», жалаң далада небары жеті айда бой көтерген көшетхана, биыл 94 жылдығын атап өтетін «Әулиекөл тынысы» газеті, сондай-ақ орман шаруашылығы, жабайы табиғат және қоршаған орта факультетінің, кейін ауыл және орман шаруашылығы институтының құрылуы сынды мәңгілік істер қалды. «Тамыры терең тұлға» кітабын оқыған әр адам Жақсылық Серікбайұлының ізгілік пен білімге, жасампаздық пен мейірімге толы өмірінен рухани қуат алып, оның нұрлы болмысымен қайта қауышары анық», — деді идея авторы.
Аталмыш кітапта оның өмір жолы, ғылыми және шығармашылық еңбектері, замандастарының естеліктері мен бұрын жарияланбаған фотосуреттері топтастырылған.
Жуырда марқұмның құрметіне орай Сәкен Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университеті қабырғасында Жақсылық Құрманғалиев атындағы арнайы кабинет ашылмақ. Бұл — ғалымның өмірлік мұратын, орман саласына сіңірген еңбегін ұрпақ жадында жаңғыртатын тағылымды бастама болмақ.