Жас математиктер халықаралық олимпиадада 6 медаль жеңіп алды
Қазақстандық мектеп оқушылары Австралияда өтіп жатқан International Mathematical Olympiad – 2025 (IMO) халықаралық жарысында жоғары нәтиже көрсетіп, ел намысын абыроймен қорғады.
Биылғы беделді олимпиадаға әлемнің 112 елінен 650-ге жуық оқушы қатысқан. Қатысушылар күрделі математикалық есептерді шешу арқылы өз елдерінің білім деңгейі мен зияткерлік әлеуетін паш етті.
Қазақстан командасы жалпыкомандалық есепте 6 медаль иеленіп, сәтті өнер көрсетті:
-
4 күміс медаль – Haileybury Almaty мектебінің оқушылары Мирон Юркевич пен Амирлан Аманжоловқа, Astana қаласындағы Spectrum International School-дың оқушысы Марғұлан Шарелге және Алматыдағы Республикалық физика-математика мектебінің (РФММ) оқушысы Амир Сахиповқа бұйырды.
-
2 қола медаль – Алматыдағы Nurorda мектебінің оқушысы Ерасыл Алтынбек пен Ақтөбе облысындағы «Білім-инновация» лицей-интернатының оқушысы Ерқанат Кенлишік еншіледі.
Ұлттық құрамаға ғылыми жетекшілік еткендер: PhD докторы Асылбек Исахов және халықаралық олимпиадалар жеңімпазы Қанат Сатылханов.
Айта кетейік, IMO – әлемдегі ең беделді және ауқымды мектепаралық ғылыми жарыстардың бірі саналады.