Жас қаламгерлерге қолдау: Президенттік әдеби сыйлық жеңімпаздары марапатталды
Астанадағы Ұлттық музейде ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның қатысуымен 2024 жылғы Президенттік арнаулы әдеби сыйлықтың жеңімпаздары марапатталды. Бұл сыйлық жас қаламгерлерді қолдау мақсатында 2023 жылы Мемлекет басшысының Жарлығымен тағайындалған болатын.

Марапаттау рәсімі аясында Қазақстан Жазушылар одағы және Мәдениет және ақпарат министрлігі арасындағы стратегиялық әріптестік шеңберінде іске асырылған «Қазақстанның әдеби-танымдық панорамасы» жобасымен жарық көрген 20 жас жазушының кітаптарының тұсаукесері өтті. Іс-шараға әдебиет өкілдері, зиялы қауым мүшелері және министрлік жанынан құрылған «Алқа» жастар әдеби клубының мүшелері қатысты.
Әдебиетті қолдау – рухани даму негізі
Аида Балаева әдебиет пен мәдениетті дамыту – жастардың жан-жақты дамуының маңызды факторы екенін атап өтті.
"Президенттік әдеби сыйлық – шығармашыл жастарға қолдау көрсету мен жаңа туындылардың жарық көруіне мүмкіндік беретін маңызды жоба. Мемлекет басшысы мәдениет пен өнердің дамуына ерекше көңіл бөліп келеді. Себебі рухани кемелденген, білімді, еңбексүйгіш азаматтардан құралған қоғамда заң мен тәртіп үстемдік етеді, ал ұлттың негізгі құндылықтары сақталады", – деді министр.
Сонымен қатар қаламгерлер қоғамның моральдық бағыт-бағдарын қалыптастыратын рухани көшбасшылар екені айтылды.
"Жас қаламгерлер бүгінгі заманның бейнесін жаңаша сипаттап, жаңа әдеби көзқарастар қалыптастыруы тиіс. 20 ғасырдағы әдебиет адамның жан әлемін тереңнен суреттесе, 21 ғасыр қаламгерлері технология дәуіріндегі адам тағдыры, жаһандану және ұлттық болмыс тақырыптарын қаузайтын жаңа шығармалар жазуы керек", – деп атап өтті Аида Балаева.
Президенттік арнаулы әдеби сыйлық иегерлері
Жеңімпаздар төмендегі номинациялар бойынша анықталды:
- «Проза» – «2026» шығармасы үшін Есбол Социалхан
- «Поэзия» – «Боз ұшқат» өлеңдер жинағы үшін Жәнібек Әлиманов
- «Драматургия» – «Апатай» драмалық туындысы үшін Әлишер Айтуар
- «Балалар әдебиеті» – «Рокет Ера» повесі үшін Әсет Сыздықов
Сыйлыққа 18-35 жас аралығындағы қаламгерлер бұрын ұлттық немесе халықаралық байқауларға қатыспаған туындыларымен ұсынылды.
Жас жазушыларды қолдау шаралары жалғасады
- Өткен жылы 23 сәуір – Ұлттық кітап күні болып бекітіліп, «Ұлттық кітап» байқауы жарияланды. Сондай-ақ Қазақстан Жазушылар одағымен бірлескен стратегиялық әріптестік негізінде үш жаңа жоба жүзеге асырылды.
- «Қазақстанның әдеби-танымдық панорамасы» жобасы аясында жас жазушылар еліміздің түкпір-түкпірін аралап, жаңа шығармалар жазды. Жыл соңына дейін қазақ әдебиетіне 20 жаңа туынды қосылып, әр авторға 4 миллион теңге көлемінде қаламақы тағайындалды.
- 2025 жыл – «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп жарияланды. Осыған орай, еңбек адамының рөлі мен кәсіби мамандықтардың маңызын насихаттайтын «Ерлік пен еңбек дастаны» байқауы өтеді.
- «Айбоз» ұлттық әдеби сыйлығы да өз жалғасын тауып келеді. Өткен жылы 176 туынды 7 номинация бойынша ұсынылды.
Бұл бастамалар қазақ әдебиетінің дамуына тың серпін беріп, жас қаламгерлерге жаңа мүмкіндіктер ашуды көздейді.