Жастарды жұмыспен қамту және қолдау шаралары кеңеюде
Мемлекеттік жастар саясатының басты бағыттарының бірі – жастарды жұмыспен қамту. 2024 жылы осы бағыт аясында 400 мыңнан астам жас тұрақты жұмысқа орналасты. Бұл туралы ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі хабарлады.

Еліміздің бірнеше өңірінде жастарды оқыту және еңбек нарығына бейімдеу бағдарламалары жүзеге асырылуда. Астанада «Jol Tap» жобасы аясында 3,9 мың жас түрлі мамандық бойынша оқытылды, ал Алматы, Ақтөбе және Қарағанды облыстарында іске асырылған «Jumys Tap» бағдарламасы арқылы 10 мың адам жұмысқа орналасты. Сондай-ақ, Алматыда жұмыс істеп тұрған «Jobfair365» платформасы 2,5 мың жас маманның қызметке орналасуына мүмкіндік берді.
Астанада «Jol Tap» жобасы шеңберінде 19,5 мың азамат мемлекеттік қолдаудың 52 түрі бойынша кеңес алды.
3,9 мың адам 10 түрлі мамандық бойынша оқытылды, олардың қатарында тігінші, бариста, сатушы-кассир, дәнекерлеуші, бухгалтер, аяқ киім жөндеу шебері, жиһаз жасау маманы, автослесарь және Kaspi дүкеніндегі сауда негіздері бар.
2024 жылы жастар ресурстық орталықтары 500-ден астам бос жұмыс орындар жәрмеңкесін өткізіп, 1 миллионнан астам кеңес берді. Бұл кеңестер заң, психология, кәсіптік бағдар, мемлекеттік бағдарламалар, волонтерлік және жұмыспен қамту салаларын қамтыды.Білімі мен тұрақты жұмысы жоқ жастарға ерекше назар аударылуда. «Zhas project» шеңберінде 280 грант бөлінді. «Жасыл ел» жобасы соңғы 3 жылда 100 мыңнан астам жасты жұмыспен қамтыды, олардың 30 мыңнан астамы – ауыл жастары.
Жастарды тұрғын үймен қамтамасыз ету
Жас азаматтарға арналған ипотекалық бағдарламалар «Отбасы банк» және облыс әкімдіктерімен бірлесе отырып, елдің 16 өңірінде іске қосылды. Сонымен қатар, «Отау» және «Наурыз» республикалық тұрғын үй бағдарламалары аясында 2024 жылы 3 923 жас азаматқа 103,4 млрд теңге көлемінде несие берілді. «Отау» бағдарламасы бойынша 1 450 адам 31,7 млрд теңге несие алды.
Кадрлық резерв және жастардың басшылыққа келуі
Жастарды мемлекеттік басқаруға тарту мақсатында «Президенттік жастар кадрлық резерві» жобасы 2019 жылдан бері іске асуда. Қазіргі таңда 315 резервист мемлекеттік және квазимемлекеттік секторда басшылық лауазымдарға тағайындалды.
Жобаға қызығушылық жылдан жылға артып келеді:
- 2019 жылы – 13 мың адам
- 2021 жылы – 22 мың адам
- 2023 жылы – 31 мың адам
Үш іріктеу кезеңінің нәтижесінде 400 адам резервке қабылданды. 2024 жылы алғаш рет барлық өңірлерде аймақтық кадрлық резервке іріктеу өтті. 505 адам екі жыл мерзімге резервке алынды және олар мемлекеттік органдарға конкурссыз тағайындалу мүмкіндігіне ие болды.
Сонымен қатар, Мәжіліс пен мәслихат сайлауларында жастарға арналған арнайы квоталар енгізілді, бұл олардың мемлекеттік басқару ісіне белсенді араласуына жол ашты.
Гранттар мен сыйақылар арқылы жастарды қолдау
2024 жылы «Тәуелсіздік ұрпақтары» гранты аясында 30 жасқа 90 млн теңге бөлінді. Бұл гранттар ғылым, мәдениет, IT, медиа, бизнес және волонтерлік бағыттарын қамтыды.
Сонымен қатар, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының мөлшері 1 млн теңгеге дейін ұлғайтылды.