Жазушы Әбдіжәміл Нұрпейісов өмірден өтті

Жүзге қараған шағында жазушы Әбдіжәміл Нұрпейісов өмірден өтті. Бұл туралы Мәжіліс депутаты Жанарбек Әшімжан хабарлады.

abdizamil-nurpeiisovjpg 

«Классик жазушы, ІІ-Дүниежүзілік соғыстың ардагері, даңқты Әбдіжәміл ақсақал Нұрпейісов қайтыс болыпты. Иман байлығын берсін. Адамзаттың басынан өткен небір сұрапыл дәуірлерді тәнімен де, жанымен де сезінген Алып Жүрек ғасырға жақындап барып тоқтапты. Көрмеген көшесінен жарылқасын», - деп жазған Жанарбек Әшімжан өзінің Facebook желісіндегі парақшасында.

Әбдіжәміл Кәрімұлы Нұрпейісов 1924 жылы 22 қазанда Қызылорда облысы, Арал ауданы, Құланды поселкесі, Үшкөң ауылында дүниеге келген. Ол Қазақстанның халық жазушысы, XX ғасырда қазақ әдебиетіне зор үлес қосқан классиктердің бірі, қоғам қайраткері.

1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысы ардагері, Оңтүстік және Прибалтика майданында, Луганск түбінде миномёт ротасында саяси қызметкер, штабист ретінде Балтық маңында Курляндия шайқастарға қатысқан.

 «Қан мен тер» трилогиясы, «Соңғы парыз» дилогиясы Ә.Нұрпейісовтің ғана емес, күллі қазақ әдебиетінің мол мұрасы. Жазушының ерен еңбегі елдің, мемлекеттің жоғары бағасына ие болды. Жазушы ретінде «Еңбек Қызыл Ту», «Құрмет белгісі», Қазақстан мемлекетінің «Отан» орденімен марапатталған. Сонымен қатар, ол – КСРО Мемлекеттік сыйлығының  иегері. Бұл мәртебелі сыйлықты жазушылардан  Қазақстанда  үш  қаламгер : Мұхтар Әуезов, Әбдіжәміл Нұрпейісов, Жұбан Молдағалиев ғана иеленген.

Museofnomad редакциясы жазушының отбасы мен жақындарына қайғыра көңіл айтады. Бұл қалың қазақ еліне ортақ қайғы.

Көбірек оқыңыз