Әлемнің сегізінші кереметтері
Әлемнің 7 кереметі - ғажайыбымен ғаламды мойындатқан ерекше туындылар. Олар күні бүгінде адамзаттың қолынан шыққан үздік жаңалығына айналған. Дегенмен, уақыт бір орында тұрмайды, күн санап жаңа ғимараттар бой көтеруде. Жетіліктен құралған тізімді әрі қарай да жаңалауға да болады. Назарларыңызға әлемнің сегізінші кереметіне айналуға лайықты беймәлім, әрі тылсым орындарды ұсынамыз.
«Алтын көпір». Вьетнамда туристік елді-мекендер көп шоғарланған. Солардың бірі Дананг қаласында орналасқан – «Алтын көпір». Ұзындығы 150 метр, теңіз деңгейінен 1414 метр биіктікте орналасқан. Көпірдің ерекшелігі екі үлкен адамның қолы ұстап тұрғандай етіп салынған. «Алтын көпір» аталуының себебі, алтын түстес. Ал, қолдар тастан жасалған секілді көрінеді, бірақ шын мәнінде болаттан жасалған және ғасырлар бойы сақталғандай көріну үшін әдейі саусақтарын тот басқандай етіп жасаған. Көпір арнайы туристер үшін 2018 жылы ашылған. Қазіргі таңда әлемнің ерекше орындарының қатарына кіреді.
«Терракота әскері». Бұл император Цинь Ши Хуандидің моласының жанынан табылған Қытайдың ерекше тарихи ескерткіштерінің бірі. Сиань қаласында орналасқан саздан жасалған кешен 8099 жауынгер мен сәйгүліктердің мүсіндерінен тұрады. Жәдігердің тылсымдығы мен ауқымы Мысыр пирамидаларынан кем түспейді. Зерттеушілердің пікірінше, бұл императорға арғы өмірге барғанда өзінің билігі мен қауіпсіздігін сақтау мақсатында жасалған деп топшалайды. Оған себеп, ертеректе Қытайда императормен бірге тірі әскерін де жерлейтін үрдіс болған деседі. Ал, «терракота әскері» адамды алмастырған ең алғашқы сазды әскери мүсіндер. Кешеннің құрылысына 38 жыл уақыт кеткен. Сонымен қатар, қазба жұмыстары кезінде акробаттардың, музыканттар мен шенеуніктердің мүсіні және қоладан жасалған арбалар табылған. 1987 жылы ЮНЕСКО-ның 11-сессиясында терракоттан жасалған әскер «дүниежүзілік мұра» қатарына кірді.
1984 жылы экспозицияны көрі үшін әйелімен бірге арнайы келген АҚШ президенті Рональд Рейган «Адамзатқа тиесілі ұлы ғажап» деп бағалаған.
Ал 1986 жылы жәдігерді көру үшін Ұлыбритания патшайымы Елизавета ІІ мен Филип ханзада да арнайы келген.
1998 жылы АҚШ президенті Билл Клинтон отбасымен бірге келсе, 2004 жылы Ресей президенті Владимир Путин кешенді тамашалап қайтқан. Ендеше сіздердің де жолдарыңыз түсіп жатса, міндетті түрде барып қайтыңыздар.
«Жарқырайтын жағажай». Мальдив аралдары туристер ең көп баратын мекен. Бірақ көпшілігі тылсым жағажайы бар Ваадху аралы орналасқаны туралы білмедйі. Түнде аспандағы жұлдыздар су астына түскендей әсер беретін, «жарқырайтын» жағажайы кімді болса да таңқалдыратыны анық. Су астындағы планктондардың тым көп болуынан бір-бірімен соқтығысып ерекше жарқыл пайда болады. Күн ұясына батқан соң Ваадху аралы сиқырлы мекенге айналып, естен кетпес демалыс сыйлайды.
Автор: Миражан Бақытжанқызы
Суреттер: баспасөз қызметі мұрағатынан