Ескерткіш орнаттым мен қолдан келмес… Ержүрек батыр қыздар Әлия мен Мәншүкті мәңгілік есте сақтайтын мұражайларға шолу
Екінші дүниежүзілік соғыстың батыр қыздары Әлия Молдағұлова мен пулеметші қыз Мәншүк Мәметова – өз халқының жадында мәңгілік жанып тұрған Шығыстың жарық жұлдыздары. Айбынды әйел батырларымыздың ерліктерінің құрметіне бой көтерген ескерткіштер мен есімі берілген көшелер – қаһарман қыздарымыздың ерлігін жүрегімізде мәңгі сақтап, есімізге салып тұрады.
Әлия мен Мәншүк мұражайлары көне заттардың жай ғана көрмесі емес, ол – сізді батыр қыздардың өмірінің ең әсерлі сәттерімен: фотосуреттерімен, жазған хаттарымен, марапаттарымен, жақын адамдардың олар туралы айтқан естеліктерімен таныстыратын тарихи үй. Бұл мұражайларға барғанда, олардың өмірімен байланысқа түсіп, сол уақыттың рухы мен атмосферасын сезіне аласыз.
Кеңес Одағының Батыры Әлия Молдағұлованың ерлікпен қаза тапқанына биыл 80 жыл толды.
Әлия музейі – Ақтөбе облысының Әлия Молдағұлова атындағы Орталық мемориалды мұражайы. Мұражай 1985 жылы 22 сәуір күні Ұлы Отан соғысы Жеңісінің 40 жылдығы мен Әлия Молдағұлованың 60 жылдығы қарсаңында салтанатты түрде ашылды. Тарихы 40 жылға созылатын бұл мұражай Әлия туралы естеліктерге өте бай. Атап айтқанда, мұнда батыр қыздың мектеп жылдары, жастық шағы, майдандағы күнделікті өмірі мен ерліктері туралы 8 мыңнан астам жәдігер мен толық ресми құжаттар бар.
Мәншүк Жиенғалиқызы Мәметова – өз еркімен Қызыл Армия қатарына алынып, 21-ші атқыштар дивизиясында пулеметші болған.
Мәншүк Мәметова атындағы мемориалдық музей-үй 1982 жылы Орал қаласында ашылды. Музейдің басты жәдігерлері – Ұлы Отан соғысының Батыры атанған қайсар қыздың өшпес ерлігі жайлы құнды ақпараттар. Музей-үйде 1932–1934 жылдары Мәметовтер әулеті тұрған кездегі интерьер толық сақталған. Сондай-ақ Мәншүктің анасы Әмина Сүлейменқызының мұражайға сыйға тартқан бірегей де өте сирек кездесетін жәдігерлері соғыс тарихын баяндап, соғыс қимылдарының барысын хронологиялық тәртіппен көрсетеді.
Тамырларына көшпенді жауынгер қыздардың қаны тараған қос батыр – Әлия Молдағұлова мен Мәншүк Мәметова ержүрек қыз Томиристің ерлік жолын жалғастырды. Біз үшін олар – асыл қазына, ендеше оларды сақтап, ұрпақтан-ұрпаққа аманат етуіміз керек.
Батыс Қазақстан сіздерді мәңгілік жарық жұлдыздардың естелік орындарында күтеді.