Гуанчжоу мен Алматы арасында тікелей рейс ашылды
Енді Қытайдың ірі мегаполисі Гуанчжоудан туристер Қазақстанға тікелей рейспен жетіп, еліміздің табиғи сұлулығын тамашалай алады. Air Astana әуекомпаниясы Алматы мен Гуанчжоу қалалары арасында жаңа тұрақты әуе бағытын іске қосты.

Жаңа рейс аптасына үш рет — сейсенбі, бейсенбі және жексенбі күндері орындалады. Ұшу кестесіне сәйкес, ұшақ Гуанчжоудан таңғы сағат 06:50-де ұшып шығып, Алматыға 10:20-да қонады. Ал Қазақстаннан кері бағыттағы рейс кешкі 20:50-де ұшып, келесі күні таңғы 05:45-те Гуанчжоуға жетеді (уақыттар жергіліктімен көрсетілген).
Бағдардың ашылуына орай Kazakh Tourism және Air Astana компанияларының ұйымдастыруымен Қытайдан келген жетекші туроператорлар, журналистер мен блогерлерге арналған ақпараттық тур ұйымдастырылуда. Олар Алматы мен Алматы облысындағы танымал туристік нысандарды аралайды. Бағдарламаға Шымбұлақ тау шаңғысы курорты, Шарын шатқалы және Көлсай көлдері кіреді. Сонымен қатар қазақстандық және қытайлық туроператорлар арасында туризм саласындағы ынтымақтастықты арттыруға бағытталған B2B-кездесулер өтеді.
Айта кетейік, өткен жылы Қытайда жарияланған Қазақстан туризмі жылының қорытындысы бойынша Аспан асты елінен келген туристер саны 78%-ға өсіп, 655 мың адамға жеткен. Бұл Қазақстанның халықаралық туристік бағыт ретіндегі тартымдылығы артып келе жатқанын көрсетеді.
Еске сала кетсек, екі ел басшылары 2025 жылды Қазақстандағы Қытай туризмі жылы деп жариялаған болатын.