Көктөбе. Ең биік шың
Алматы туралы айтқанда, оның қандай көрнекті жерлері ойға бірінші келеді? Егер 100 қазақстандыққа осы сұрақты қойсақ, 70 адам Көктөбе деп жауап берері анық. Саябақтың тарихы, сондай-ақ, оның қазіргі жағдайы мен болашағы туралы директоры Сағындық Сәлімұлы баяндап берді.
Көктөбе саябағы – бұл алматылықтар мен қала қонақтарын өзіне тартып тұратын тамаша орын ғана емес, сондай-ақ еліміздің қасиетті символы. Көктөбе – әсем таудың, таза ауа мен еркіндіктің сезімі ғана емес, сондай-ақ ол достар басқосатын, ғашықтар кездесетін, балалармен серуендейтін және уақытты жақсы өткізетін жер емес пе?! Ең маңыздысы – осындай керемет сұлу табиғаттың құшағына еніп кету үшін, ешқайда барудың керегі жоқ, саябақ қаланың қақ ортасында орналасқан десе де болады.
Таудың орналасқан жері өте ерекше. Көктөбеге орталықтан бар болғаны алты минутта жетуге болады. Теңіз деңгейінен 1100 метр биіктікте, таудың төбесінде қалаға қарай көз тоймайтын тамаша көрініс ашылады. Айтпақшы, «таза ауада еркін демалу» ұғымы Көктөбеге қатысты айтылғанда – метафора емес. Саябақта өкпені ауаға толтырып, кеңінен тыныс алуға болады, оны «қала ортасындағы таза ауа патшалығы» деп бекерге атамайды.
Көктөбенің фирмалық белгісі – аспалы жол. Оның құрылысы 1965 жылы басталып, Республика сарайының жанынан төменгі станцияның іргетасы қаланды. Аспалы жолға жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін 2014 жылы уақытша тоқтатып, сондай-ақ таудың солтүстік беткейі мен саябаққа қарай жаңа жол салды. Бұл ауқымды жобаның міндеттері толығымен орындалды: қазір келушілер – қауіпсіздікте, олар саябақ пен аспалы жолды жыл бойы тамашалай алады. Аспалы жолдың демеушісі – француздық РОМА концерні, гондол кабиналарын әлемге әйгілі француздық Sigma компаниясы жасап шығарған. Саябақты жаңарту жұмыстары мен аспалы жолдың құрылысы 2016 жылы аяқталды.
«Көктөбе» атауына дейін бұл тау бай көпестің есімімен «Веригин тауы» деп аталған. Ол сонау XIX ғасырда картаға енгізіліп, туристерге арналған анықтамаларда сипатталып жазылған. Верный (Алматының ескі атауы) тұрғындары бұл жерге демалуға жиі келіп, серуендеп, көктемде қызғалдақ теріп, қыста шана мен шаңғы тепкен.
Жалпы Көктөбенің тарихы өте бай. Ежелден бері оның айналасындағы жерлер қуатты үйсін империясының құрамына кірген, кейіннен ішкі шиеленістер мен ғұндардың сыртқы шабуылдарының нәтижесінде империя құлаған. Содан ұзақ уақыт бойы тау шыңы Жолбарыс ханның жерлерінің құрамына кірген, оның төбесіне ілінген тудың астына әскери кеңес мүшелері жиналып, туған жерді қорғау жөніндегі өзекті мәселелерді шешіп отырған.
Көктөбеге тек аспалы жолмен ғана емес, әсем табиғатты тамашалап, тау арасындағы асу арқылы да шығуға болатынын көбі біле бермейді. Бұл жол Көктөбе автобус аялдамасынан басталып, тау басындағы мейрамхана кешенінің алдындағы тұраққа дейін жалғасады.
2023 жылы Көктөбеде көптеген қызықты іс-шаралар өтеді деп жоспарланып отыр. Мамыр айынан бастап біз ашық аспан астындағы кино көрсетілімдерін бастаймыз, Royal Club-пен бірге би кештерін, ашық ауада йога жаттығуларын ұйымдастырамыз. Жазда Nike Run Club ұйымдастыруымен жүгіруден жарыс, балаларға арналған концерттер жоспарланған, ал әр сәрсенбі сайын біздің алаңда Almaty TV каналының концерттері өтеді. Франция елшілігімен бірлесе отырып, Бастилияны жаулап алу күніне арналған шара ұйымдастырамыз. Сондай-ақ, алаңда «Алматы Көктөбе Опера» атты open air опера фестивалі және басқа да көптеген іс-шаралар күнтізбеге енгізілді.
Қазір саябаққа үлкен өзгерістер енгізу жоспарлануда. Көптеген аттракциондар жаңартылады.Мысалы, Fast Coaster модернизацияланады: оған жаңа шаналар орнатылып,жолдың ұзақтығы 770 метрден 1100 метрге дейін ұзартылады. Бизнес шаралар, жиналыстар, кездесулер мен конференцияларды өткізуге арналған үлкен павильон – Конгресс холлдың құрылысы бойынша күрделі жұмыстар басталды. Сонымен қатар, жаңаланып, жетілдірілген “аударылған үй” мен “арқан саябағы” аттракциондары ашылуға дайындалуда.