Шығыстың шырайлы өлкесі

Шығыс Қазақстанның тұмса табиғаты бейне бір оқылып бітпеген кітап секілді. Мұнда жылдың төрт мезгілінде де туристер үшін тамашалайтын жер көп. Ең бастысы, бұл өңір сізді ақ басты тауымен, суы түрлі дертке шипа боларлық тұңғиық көлдерімен, экстремалды спорт түрін ұсынатын демалыс орындары, табиғи қорықтары мен сан ғасырлық тарихты өзінде сақтаған аспан астындағы тарихи ескерткішерімен таңғалдырады. 

whatsapp-image-2022-05-30-at-171933jpg 

Қатон-Қарағай – туристер ұзақ демалысқа келуге болатын ерекше орын. Ол Ресеймен, Моңғолиямен және Қытаймен шекарада орналасқан табиғи қорық. Алтай-Саян экоауданының Қазақстандық бөлігіне кіреді. Еліміздегі ең үлкен ұлттық табиғи саябақ. ЮНЕСКО-ның ерекше қорғалуға тиіс мұраларының тізіміне енген. Тіпті, мұнда адам аяғы баспаған жерлер де кездеседі. Жер жаһанда мұндай орындар өте сирек. Мұнда флора, фаунаның Қазақстанның қызыл кітабына енгізілген 40-тан астам түрлері сақталған. Бұл саябақта «Рахман қайнарлары» деп аталатын ыстық су көздері туристер арасында ерекше танымал. Оның негізгі емдік қасиеті – табиғи минералды жерасты радон сулары. Алтай мен Сібірдің ең биік тауы, теңіз деңгейінен 4506 м биіктіктегі Мұзтау, 80 метр биіктіктен құлап ағатын Көккөл сарқырамаларын осы саябақтың визиттік карточкасы деуге болады. Мұзтаудың қасиеттілігі әлемдік үш дінмен мойындалған. Оған жыл сайын әлемнің түкпір-түкпірінен көптеген альпинистер шыңды бағындыруға келеді. Ұлттық саябақ аумағында жаяу серуен, паром, автомобиль, ат, автобус туризмі жақсы дамыған.


Қалай жетуге болады: Алматыдан Қатонқарағайға ұшақпен жету үшін билетті Өскемен қаласына дейін аласыз. Ұшу ұзақтығы тікелей рейспен 1 сағат 15 минут, ал өзге қалалар арқылы 3 сағат 25 минутты құрайды.  

Өскеменге қонған соң әрі қарай 500 шақырым жүру керек. Оған автобус немесе жеңіл автокөлікпен жетесіз. Өскеменнен Қатонқарағайға дейінгі жол ұзақтығы автобуспен – 9 сағат, жеңіл көлікпен – 5,5 сағат.  

Пойызбен барсаңыз да, дәл солай. Бекет тек Өскемен қаласында ғана бар.


whatsapp-image-2022-05-30-at-171934jpg 

Қиын-Керіш шатқалы. Марсиандық пейзажымен танымал, флорасы мен фаунасы әр алуан жер. Ертедегі геологиялық дәуірлер із қалдырған түрлі-түсті қатпарлары, өркештелген адырлары мен бедерлері адамға өзге планетада жүргендей әсер қалдырады. Бұл шатқал әуесқой фотографтар мен жергілікті туристер арасында соңғы жылдары ерекше танымал. Олар мұнда арайлап атқан таң шапағы мен күн батқан сәттегі қайталанбас көріністі кадрға ұстап қалу үшін жиі келеді. Шатқал ел арасында «Әруақтар қаласы» деп те аталады. Себебі, лаулаған отқа ұқсас жергілікті ландшафттар оны тылсым күштердің әсерінен пайда болғандай әсер қалдырады. Ол аудан орталығы Күршімнен 120 шақырым, Өскеменнен 300 шақырымдай қашықтықта орналасқан. Шатқал топырағының ерекше қызғылт түсі жаздың аптап ыстығында сағымданып, жалын шашып тұрғандай көрінеді. Сондықтан «Жалынды жар» деген де атауы бар. Шатқалдағы топырақ ақ балшықтан тұратындықтан жаңбыр суларынан майша еріп, жолаушыларға қиындықтар келтіреді екен. «Қиын-Керіш» деп жол қиындығына байланысты қойылған. «Керіш» сөзі түркі тілінде «тау», «жота» дегенді білдіреді.


Қалай жетуге болады:

Өскеменнен шыққан соң, Самар тас жолымен жүріп, Құлынжон (ескі атауы Казнаковка) өткелі арқылы Ертіс өзенінен өтіп, Күршім ауылы арқылы жүру керек. Күршімнен оңтүстік-шығысқа қарай 95 шақырымдай, Зайсан көлі мен Аманат ауылынан (ескі атауы Мөнекей) солтүстік-шығысқа қарай 15 шақырымдай жерде Қиын-Керіш шатқалы орналасқан. Бұл жерден тыныштықтың даусын естуге болады. Өзіңізбен бірге ішуге көбірек су алғаныңыз абзал. Дегенмен, шатқалда сақ болыңыз. Мұнда сарышаяндар бар.


whatsapp-image-2022-05-30-at-171931jpg 

Қоңыр әулие үңгірі. Шыңғыстаудың сырт жағы, Шаған өзенінің бойындағы Абай ауданы, Тоқтамыс ауылынан 18 шақырымдай жердегі Ақтас тауында орналасқан қасиетті үңгір.

Тау ішінде үңгір, үңгір ішінде көл бар. Және ол көлдің түбі жоқ десе сенер ме едіңіз? Сырт көзден әдейі жасырылғандай әсер қалдыратын көлдің емдік қасиеті, үңгір жайлы аңыз-әңгіме көп-ақ. Мүнда жыл бойы адам аяғы еш үзілмейді.

Үңгір ішіндегі көлдің ұзындығы 25 метр, ені 10, тереңдігі 1,8 метр. Көлемі әр жылы бір түсіп, бір көтеріліп тұрады екен. Судың температурасы жылдың төрт мезгілінде де бірдей. Бұрын үңгірдің оң қанатында ерекшеленіп көрінетін қуыстарда  шалқалай жатқан әйел затының тастан қашалған мүсіні болған. Ертеректе 15-ке таяу балбал тастардың болғаны айтылады.

Абай атамыз бұл үңгірге жиі келіп тұрған көрінеді. Кей деректерде тарихи тұлға Шыңғыс ханның жерленген жері де осы «Қоңыр әулие» үңгірі деп айтылады. Үңгір түбіндегі көлдің ішінде құпия есік бар, сол есік тау астындағы кең үңгірге апарады-мыс. Сол жерде Шыңғысхан жерленген деген тарихи аңыз бар.

Ал 2000 жылдардың ортасында қазақстандық С. Кистанов, К.Миляев пен В.Волошин есімді туризм саласының мамандары әлгі көлдің түбіне сүңгіп, көл астында көлемі 10х10 метр болатын қара қуыс бар екенін және оның арғы жағы шегі жоқ теңізге жалғасып кететін айтқан еді. Осыған қарағанда, бұл көлдің жер асты суларымен тікелей байланысы бар болу ықтималдығы жоғары.

 

Автор: Әсел Дағжан 

Фотосуреттер: баспасөз қызметі мұрағатынан

Көбірек оқыңыз