Таңғажайып әнші құм
Қазақстанның көркем табиғаты бірегей сұлулығымен қонақтарын сөзсіз баурап алған. Табиғаттың ғажайып құбылысы ретiнде талайдың таңдайын қақтырған әсем орындар өзінше сыр шертіп, көз тартар сұлулығымен есте қалады. Солардың бірі Шыңғыс ханның рухы ұрпағына өз жеңістері жайында сыр шерткен, ұлы тала төсінде ескен желге сырнайдың үнін қосқан - әнші құм.
Іле өзенінің аңғарын бойлай орналасқан Үлкен Қалқан тауы және Кіші Қалқан тауы етегіндегі құмды төбе ел арасында әнші құм немесе айғай құм аталып кеткен. Оның басқалардан ерекшелігі – бірнеше шақырымдарға жалғасып, алыстан естілетін әуенді дыбыстар шығарады. Кейбір деректерге сай құмның ұсақ бөлшектері бір-біріне үйкелген кезде осындай әуенді дыбыстар пайда болады. Жеңіл самал жел ескенде сырнайдың дыбысына ұқсас әуен естіледі. Алайда, желсіз күнде де құмның әуенін тыңдауға болады. Осы бір таңғажайып сиқырына байланысты, құм жайында көптеген аңыздар пайда болған. Тағы бір ерекшелігі – ол басқа құмдар сияқты орнын ауыстырып, көшпейді. Керісінше, мыңдаған жылдар бойы Алтынемел аумағында бір орында тұр. Тұрғындардың айтуынша дәл осы құмның астында Шыңғысхан және оның сенімді жауынгерлері жерленген. Ал сиқырлы құмның әуендететіні – ханның рухы ұрпағына өз жеңістері жайында сыр шерткені деседі.
Айғай құмның биіктігі 150 м-дей, ұзындығы 8 км, ені 3 км. Қалқан тауларынан соғатын желдің бағыты өзгеріп отыруы нәтижесінде құм түйіршіктері електеніп, бірегей құм қоспасынан тұратын төбеге айналған. Жібек жолының бойында орналасқан осы «Әнші құмның» үнін есту үшін жолаушылар арнайы ат басын бұратын болған. 1996 жылдан бері Алтынемел ұлттық паркінің құрамына кіріп, табиғат ескерткіші ретінде мемлекет қамқорлығына алынған. Сонымен қатар, 2007 жылы New Open World Corporation ұйымдастырған табиғаттың жеті жаңа кереметінің қатарына кірген. Іріктеу 2009 жылдың 7 шілдесіне дейін жалғасып 77 кандидаттар қатысқан. Нәтижесінде әнші құм Азия елдері ішінде номинант атанды.
Автор: Мөлдір Адамжан
Сурет: ашық дерек көздерінен