Ұлы дала әйелдерінің киелі орындарына саяхат!
Ұлы дала әйелдерімен байланысты киелі жерлерге саяхат – тарих тереңіне сүңгіп, оның рухын сезінуге және ежелгі дәстүрлер мен аңыздар әлеміне енуге мүмкіндік беретін тамаша тәжірибе. Мыңдаған жылдар бойы бізге мұра болып келе жатқан бұл киелі орындар көшпелілер элитасының тарихын ашып, халықтардың мәдениеті мен рухына елеулі түрде әсер еткен ұлы әйелдер туралы естелікті сақтайды.
Көшпелі даланың асқан сүйіспеншілігі пен адалдық нышандарының бірі – Айша Бибі кесенесі. Тараз қаласынан батысқа қарай 20 шақырым жерде ХІІ ғасырда салынған бұл ғажайып тарихи мұражай 62 түрлі ою-өрнекпен безендірілген. ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұралар тізіміне енгізілген кесене шынайы махаббат пен шексіз сұлулықтың символына айналды. Бүгінде бұл киелі жердің тұғырына балалы болуды армандайтын талай қыз-келіншектер мен ізгі тілек-ниеттерін білдіруге келетін ерлі-зайыптылар табан тірейді.
Айша Бибі кесенесімен қатар орналасқан тарихи жәдігер – Бабаджа хатун кесенесі. Айша Бибінің тәлімгері әрі оның мазарына адалдықпен қараған күтушіге арнап Қарахан баба бұйрығымен салынған кесене қазір киелі еске алу орнына айналды.
Тамаша киелі орындардың тағы бірі – Оңтүстік Қазақстан облысында орналасқан Домалақ ана кесенесі. Бұл кесене дана би Бәйдібек Қарашаұлының үшінші әйелі, аңыз ана Нұрила Әли Сыланқызына арналған. Оның Домалақ ана деген есімі «Әулие ана» ұғымын білдіріп, жоғары адамгершілік және парасаттылықпен байланысты. Кесененің тарихы Домалақ ананың немересі Дулат (Ұлы жүз) XV ғасырда әжесі жерленген осы жерде кесене орнатуымен басталады. Содан бері бұл кесене бірнеше рет қалпына келтірілді. Ал кесененің қазіргі заманауи үлгісі сәулетші С.Тоқтамыстың жобасымен жасалды. Бүгінде кесене қалпына келтірілген және бірегей сәулеттік келбетке ие болған керемет тарихи ғимарат болып табылады.
Домалақ ананың жары Бәйдібек би – Албан, Суан, Сарыүйсін, Дулат, Шапырашты, Ысты, Ошақты руларының түпкі атасы.
Талай аңыздарға арқау болған бұл киелі мекендер Ұлы дала әйелдерінің рухын, олардың даналығын, адалдығы мен сұлулығын сақтаған танымал тарихи өлкелер. Бұл кесенелерге жасаған саяхат сіздерге қайталанбас тамаша атмосфераны сезінуге және көшпелі халықтардың тарихи мұрасының ұлылығына тәнті болуға мүмкіндік береді.