Жазғы демалыста визасыз қайда саяхаттауға болады?

Жайма-шуақ жаз маусымы күлімдеп күтіп  тұр. Көпшілік үшін бұл – саяхат маусымы. Кейбірі тіпті барлығын алдын ала жоспарлап, еңбек демалысын асыға күтеді. Демалуышылардың дені отбасына уақыт бөліп, фокусты жұмысына жақындарына аудара алатын кезеңді естен кетпестей өткізгісі келеді. Ал тәжірибелі саяхатшылар кезекті елдің табиғатымен, ауа-райымен танысып жол сөмкесін дайындап та қойған.

viza2png 

Демалыс бұл – еркіндік пен рахат сезімінің әдемі үйлесімі. Қазақстандықтар үшін еркіндік тура мағынасында қолжетімді бірқатар елдер бар. Кейбірімен бұл байланыс тәуелсіздік алған жылдардан бері болса, кейбірі тізімге биыл қосылды. Ендеше назарларыңызға отандастарымыз үшін қақпасы айқара ашық елдер тізімін ұсынамыз.

Бұрынғы Кеңес Одағы елдерінде қазақстандықтар тоқсан күн, яғни үш айға дейін визасыз еркін жүре алады. Олар: Әзірбайжан, Армения, Беларусь, Грузия, Қырғызстан, Молдова, Ресей Федерациясы, Тәжікстан, Өзбекстан, Украина.

Ал Еуропа елдерінен Албанияда жеке және туристік мақсатқа тоқсан күн, Сербияда отыз күн, Черногорияда 1 сәуірден бастап биылғы жылдың 31 қазанына дейін отыз күн визасыз жүруге  рұқсат етілген. Кариб теңізі аралдарынанындағы Барбадоста визасыз режим 28 күн. 

Оңтүстік, Солтүстік және Орталық Америка бойынша Аргентина мен Бразилияда да бір ай, Коста-Рика мен Колумбияға туристік мақсатпен барсаңыз тоқсан күн, Эквадорда жылына отыз күн  визасыз режим бар.

Азия елдері бойынша Гонконг пен Оманда тек 14 күнге, Катар,  Малайзия, БАӘ, Оңтүстік Корея және Мальдив аралдары  1 айға дейін туристік мақсатта ел ішінде тұрақтауға рұқсат береді. Монғолия мен Туркияда бұл уақыт тоқсан күнге дейін  ұзарған. Африка елдері бойынша Намибия мен Сейшель аралдарында шектеусіз визасыз жүру мүмкіндігі бар.

Егер демалыс маусымы басталғанша визаға құжат рәсімдеп үлгермесеңіз еш уайымдамаңыз, жоғарыда көрсетілген елдердің бірін таңдап жаздың шуақты күндерін қуанышпен қарсы алыңыз.

 

Автор:Әсел Дағжан

Фотосурет: Дана Уразова

 

Көбірек оқыңыз